Пугачев бастаған шаруалар соғысы - Ресейде 1773-75 жылы болған шаруалар көтерілісі. Көтеріліс басшысы Е.Пугачев (1740/42-75) «Жеті жылдың» (1756-63) және орыс-түрік (1768-74) соғыстарына қатысқан, әскерден қашып, түрмеге түскен. Түрмеден қашып шыққаннан кейін Жайық казактарымен байланыс жасап, өзін сарай төңірегінде өлтірілген Петр III деп жариялап, астыртын қол жинады. Оның қатарында казак-орыстармен бірге башқұрттар, татарлар, қазақтар, қалмақтар да болды. 1773 жылы қыркүйекте оның жасағы Елек, Татищев, Сақмар бекіністерін алды. 5 қазанда көтерілісшілер Орынборды қоршады. Көтерілісшілер саны 25 мыңға жетіп, 86 зеңбірегі болды. Олар патша үкіметі жіберген жазалаушы жасақтарды бірінен кейін бірін талқандады. 1774 жылы көтеріліс Оңтүстік Урал, Қазан губерниясының шығыс бөлігін, Батыс Сібірді, Батыс Қазақстанды қамтыды. Уфа, Екатеринбург, Челябинск, Самара, Заинек, Кунгур мен Красноуфимск, Жайық қалашығы көтерілісшілердің ipi орталықтарына айналды. Бірақ көтерілісшілердің бірыңғай жоспары болмады. Сондықтан генерал А.И.Бибиков бастаған жазалаушы корпус Самара, Күнгүр, Бұзұлұқ маңында көтерілісшілерге соққы беріп, Орынбор мен Екатеринбургты қоршаудан босатты. 1774 жылы сәуірде көтерілісшілер талқандалып, Орал тауына кетті. Ол жақта көтерілісшілерді чуваш, мордва, татар, т.б. халықтар қолдады. ҚозғалысЕділ бойының көптеген уездерін қамтып, Мәскеу губерниясының шекарасына жетті. Екатерина II көтерілісті басуға 20 мыңға тарта жаяу әскер мен атты әскер полктерін жұмсады. КөтерілісшілердіңЦарицынға жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Осы жерде көптеген Дон казактары мен қалмақтар тарап кетті. Пугачев Волга сыртына қашты, бірақ көп ұзамай қолға түсті. 1775 жылы Мәскеуге әкелініп, дарға асылды. Көтерілісшілер қатал жазаланды. 1775 жылы жазда көтеріліс толық басылды. Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары қатысқан бұл көтеріліс қазақ халқының Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарының басталуына ықпал етті.