Наймандар – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі.
Наймандардың пайда болу тарихы
Наймандар тайпасының тегі туралы мәселе ертеден-ақ тарихшылардың пікірталасын тудырып келді. Бірқатар зерттеушілер (И.Я. Шмидт, А.М. Позднева, Д.Оссон, В.В. Бартольд, В.П. Васильев, т.б.) Наймандардарды моңғол, басқалары (Рашид әд-Дин, Х.Ховарс, П.Поуха, А.Бобривников, Г.Е. Грумм-Гржимайло, Н.А. Аристов, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан) түркі тегіне жатқызды. Қазіргі уақытта олардың түркі тектес екендігі толық дәлелденген. Көптеген зерттеушілердің пікірінше “найман” атауы моңғолша “сегіз” деген сөзді білдіреді. “Оғыз тайпасынан шыққан наймандар түркі тілдес халық болды. Олар 8 ғ-дан бастап “сегіз оғыздар”, кейінірек “цзбу-бу” одағын құрап келді. “Найман” сөзі оларға көрші халықтардың берген атауы” деп жазды Л.Л. Викторова.Әбілғазының пікірінше: “наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық”. “Селенга тас жазуы” деп аталатын 750 ж. тұрғызылған ұйғыр ескерткішінде, “Ляо ши” жазбаларында (8 ғ.) сегіз-оғыздар туралы мәліметтер кездеседі. Сегіз оғыз жұртын әуелі “найман аймақ” (“сегіз тайпа”) деп 10 ғ-да қидандар атай бастаған деген топшылау бар. Кейіннен моңғол империясының дәуірлеуі бұл сөздің негізгі атау орнына қолданыла бастауына одан әрі жағдай жасаған. Зерттеушілер бұл тайпа 10 ғ-дан “найман” деп атала бастаса да, 13 ғ-ға дейін бұрынғы “сегіз” аты қосарлана айтылып келгенін алға тартады.
Наймандар өзге мемлекетер құрамында
Қазақ халқы құрамындағы наймандар Сегіз оғыздар Түрік қағандығының шығыс бөлігінде орналасты. Шығыс Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін олар біраз уақытҰйғыр қағандығының, кейіннен Солтүстік Қытайдан ауып келген қидандардың (Ляо әулеті) қол астына қарады. Осы кезде сегіз оғыз атауының орнына наймандар сөзі орнықты. 12 ғ-дың бас кезінде қидандар Цзинь әулетінен (шүршіттер) жеңіліп, Жетісуға ауған кезде наймандар жеке ұлыс болып қалыптасуға мүмкіндік алды. 12 ғ-дың 2-жартысында олар Орт. Азиядағы ең күшті, жетекші мемл. бірлестіктердің біріне айналып, алыс-жақын елдермен дипломат. қарым-қатынас орнатты (қ Найман мемлекеті). Осы кезеңдегі жазба деректерінде наймандар батысында қаңлы, қыпшақ, шығысында керей, меркіт, теріскейінде қырғыз, оңт-нде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоңсылас болғаны айтылады. Найман мемлекеті құлап, халқы Шыңғыс хан империясына бағынған соң, олардың біраз бөлігі байырғы қоныстарына жақын Ертіс, Алтай алқабында орнығып, Үгедей ханның ұлысына қарады. Шапқыншылықтан ығысқандары Балқаш төңірегіне, Алакөл маңына, Сыр, Ырғыз алқабына дейін орналасты. 15 ғ-да едәуір бөлігі Әбілхайыр ханның, кейіннен Мұхаммед Шайбани ханның ықпалында болды. Қалған бөлігі Қазақ хандығын құраған негізгі тайпалармен бірге Моғолстан жеріне ауды. 16 – 17 ғ-ларда кейбір найман рулары Атбасар, Ырғыз аймақтарында өмір сүрген. М.Шайбанимен бірге Мауераннахрға ауған наймандар Сырдарияның төм. ағысындағы Балық пен Мерв аралығы өңірлерінің саяси-әлеум. өмірінде жүзден аса жыл маңызды рөл атқарды. 1620 – 25 ж. Хорезмдегі билік үшін болған тартыстан кейін наймандар бас сауғалап бір тобы қырғыздарға, бір бөлігі Еділ, Жайықтағы Ноғай ордасына, енді бірі Бұхар хандығына бағынды. М.Тынышбаевтың айтуынша, 1680 ж. наймандардың бір тобы Әулиеатадан Ташкентке дейін, Арыс пен Сырдария өңірін,Қаратау сілемдерін қоныстана бастаған. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдарында наймандардың көпшілігі қырылып, қалғаны Самарқанд, Бұхар өңірлеріне ығысады. 1726 ж. наймандар Ресей шекарасына жақын келіп, Сәмеке ханның қол астына өткен. Ол қайтыс болғаннан кейін Абылай билігіне қарай бет бұрып, Алакөл, Зайсан, Алтайға дейінгі алқапқа орын тебеді. Олар қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене қатысты. Қазақ қолы 1750 – 60 ж. Жетісу мен Алтайды жоңғарлардан азат еткенде наймандар Қара Ертіс, Бұқтырмаға дейінгі бұрынғы ата мекенінің бір шетіне ие болып, сонда түбегейлі орнығып қалды. Бұл қоныстану 1810 жылға дейін жалғасты. 1917 ж. Ресей үкіметі жүргізген санақ бойынша Ресей және Қытай империяларының құрамында 830 мыңдай наймандар өмір сүрген.Наймандар Орт. Азияның өзбек, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, т.б. халықтарының құрамына енген.
Қазақ халқының шежіре деректері бойынша наймандар Орта жүзге кіреді.Қазақ халқының құрамындағы наймандардан: терістаңбалы (кейде елата), сарыжомарт (ергенекті найман), төлегетай деген рулар бірлестіктері тарайды. Терістаңбалыдан:мәмбет, рысқұл; cарыжомарттан: балталы, бағаналы, көкжарлы, бура (Найман), қаратай; төлегетайдан: қаракерей, мұрын,төртуыл, матай, аталық (кейбір деректерде кенже), садыр. Келесі бір шежіре нұсқасында наймандардан тоқпан, елата, өкіреш таратылады. Елатадан: келбұға мен кетбұға; өкірештен: төлегетай және сүгіріш; төлегетайдан: қаракерей, төртуыл, садыр, матай тарайды. Сүгіріштен: ертекті, бағаналы, балталы; ертектіден: көкжарлы, сарыжомарт, бура рулары тарайды. Әр рудың өз рулық таңбасы мен ұраны бар. наймандардың ортақ таңбасы – Y (бақан), ұраны – Қаптағай.