Түрік қағанаты - түркілердің тайпалық одағы тарапынан орта ғасырларда (552 - 742 ж.) басқарылған Азиядағы ірі мемлекет. Тарихтағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Түркі қағанатының күшейген уақытында Солтүстік-Шығыс Қытай (Маньчжурия), Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Казказ территорияларына иелік еткен.
Қалыптасуы
Ұлы қоныс аудару дәуірі (II — V ғасырлар) Қазақстанның, Орта Азия мен Шығыс Еуропаның этникалық және саяси картасын едәуір дәрежеде өзгертті. V ғасырда түркі тілдес теле (тирек) тайпалар одағының саны көп топтары Солтүстік Моңғолиядан Шығыс Еуропаға дейінгі далалық өңірге қоныстанды, оңтүстігінде олардың көшіп жүретін жерлері Әмударияның жоғарғы ағысына дейін жетті.
VI ғасырда Қазақстан жерлері құдіретті держава — билеушілері түрік тайпасының әулеттік Алшын руынан шыққан Түрік қағанатының билігіне түсті. Түрік этносының өзі қағанаттың құрылар алдыңдағы кезенде Ганьсу, Шығыс Түркістан және Алтай аудандарында III ғасырдан VI ғасырға дейін кезең-кезеңмен қалыптасты.
Түркі қағанаттың саяси-әскери бірлестік ретінде қалыптасқан мекені - Жетісу. Жетісу мен Шығыс Қазақстан жужан мемлекеттің шет аймақтары болатын. Осы аймақтарда орналысқан тайпалар - теле - 492 ж. жужаньдарға қарсы шығып, тәуелсіздік мемлекет құрады. Дегенмен де, 516 ж. жужаньдар жаңа құрылған мемлекетті тағы да өздеріне бағындырады. 545 ж. теле тайпасының Ашина руы жужаньдарға қарсы қүресті басқарады. 551 ж. батыр Бумын Қытайдағы Батыс Вей патшалығымен бірігіп, жужань мемлекетінің талқандайды.
Түркі қағанаты
Ерте Түркі мемлекеті - Түркі қағанаты 552 жылы құрылды. Оның негізін салған - Бумын қаған 553 жылы қайтыс болады. Бумын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара-Еске отырады, оның бастауымен түріктер Орхонның жоғары жағында бір жердегі Бұқрат (Мула) тауларында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеніңмұрагері деп шежіреші оның інісі Иркинді (Ицзинь) атайды, ол кағандық тағына Мұкан-қаған деген атпен отырады, оның лақап аты Йанту болды. Мұқан-қаған (553-572) билік құрған жылдарда Түркі қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырады, Солтүстік Қытайды алым-салық төлеп тұруға мәжбүр етеді. 563-567жж. эфталит патшалығын басып алады. Міне, осыдан кейін олардың жері Каспий теңізінен Солтүстік Индияға дейін және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан.
Бұл жылдары түріктердің батыста жасаған соғыс жорықтары бұлардан да күшті бола түседі. Бұларды Бумынның басқа бір інісі Истеми (Естеми) бастайды. 552 не 553 жылы батысқа жасалған жорықтардың бірінде Иштеми Бумыньмен бірге болып, «он ұлы жетекшіні (немесе қауым бастығын) басқарды, он түмен әскері болды; ху елін (соғдылықтарды) жуасытуға аттанды және «Он тайпалық» деп атап өзін қағанмын деп жариялады».
Түркілер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне дейін баратын Жібек жолына иелік етті. Олар өздерінің жаулап алу жорықтарын жүргізуде Иранға қарсы Византиямен одақтасты, 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естеми Солтүстік Кавказды басып алады, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчьті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естеми өлгеннен кейін 582-593 жылдары билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 жылы Боспорды қайтадан жаулап алады. Өзара қырқыстар, әлеуметтік қарама-қайшылықтар қағанатты әлсіретіп, оның 603 жылы Шығыс және Батыс түркі қағанаттарына бөлінуіне әкелді. Шығыс Түркістаннан Амударияға, Еділ өңірі мен Терістік Кавказ далаларына дейінгі жер Қағанат қарауына көшеді.
Түркі мемлекетінің басында - қаған тұратын, оның оң қолы (көмекшісі) - "яғбу" титулымен аталатын. 568 ж. бастап Түркі қағанаты 4 болысқа бөлінетін. Қағанның ордасы - Алтайда болған. Халық 3 әлеуметтік топқа бөлінген - бектер, қара-будундар (жалпы халық), татылар (құлдар). Түріктерге бағынатын тайпалырдың барлығы - оғыз деп аталатын.
581 ж. Қытайда Чжоу династияның орнына Суй династия келгеннен кейін, жаңа патша түріктермен барлық сауда қарым-қаныстарды үзді. Енді Қытайдан жібек маталары Орта Азияға келмейтің болғандықтан, түрік қағандарының Ұлы Жибек жолындағы рөлі азаюға бастады. Тобо-хан қайтыс болғаннан кейін, түркі қағанатта өзара қырқыс басталады. Суй династияның патшалары осы ішкі өзгерістерді сезіп, түркі қағанатты ыдыратуға, әлсіретуге тырысады. Осы саясаттың нәтижесінде, 602-603 жж. қарай, түркі қағанаты екіге бөлініп кетеді.
604 ж. Батыс Түркі қағанатының қағаны болып Таман сайланды. Ал Шығыс Түркі қағанатының қағаны болып Жанғар сайланды.
Сыртқы саясаты
Отырықшы аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түріктердің батыстағы, Орта Азиядағы саясатының негізі болды. Олар эфталиттерінің батыс тармағына міне осы арада кездесті, ал эфталиттердің иеліктері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға дейінгі жерді алып жатқан еді. Өзінің армиясының орасан зор да икемді құрамына қарамастан, мұндай күшті жалғыз жеңіп алуға түріктердің ша- масы келмейтін. Олар үшін соғыс сасанилік Иранмен әскери одақ жасасқаннан кейін ғана табысты бола бастады. Эфталиттерге вассалдық тәуелділікте болған Иран оларға ұзақ уақыт бойы жыл сайын күміспен салық төлеп тұрды, мұны осы мақсат үшін арнайы соғылған пехлеви жазуымен қоса эфталит жазуы бар теңгелер көрсетеді. Сондықтан түріктердін эфталиттерге қысым жасауы Иранның сасанилік билеушілеріне қолайлы болды. Түрік қағанымен жасалған келісім бойынша Хұсрау I Ануширван шах өзінің армиясын Тоқарстанға аттандырып, оны 564 жылы эфталиттерден тартып алды, сөйтіп эфталиттер өздерінің берік те қамсыз тылынан уақытша айырылып қалды. Мұның өзі түрік кағаны Силзибулға 563—567 жылдары эфталит патшалығын талқандауға мүмкіндік берді. Түрік-эфталит соғысы біткен бойда-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы керуен жолдары бойында жатқан жерлерді бөлуге келгенде одақтастар арасында араздық басталды. Бұл жерлерді иелену жол асуларын кеңінен пайдалануға, жібек, тәтті тағамдар, сәндік заттар, т.б. саудасын бақылауға, Шығыс пен Батыс арасындағы тауар айырбасына белсене қатысуға мүмкіндік беретін еді. Бұл саудада бүкіл Орта және Орталық Азия аумағында негізгі делдалдар соғды көпестері болды, олар өздеріне қолайлы жағдайды сақтап қалуға бәрінен де гөрі мүдделі болатын. Сондықтан бұрынғы одақтастармен араздасып қалған түрік қағаны Хұсрау I Ануширванга Персия арқылы Византияға жібек және басқа тауарлар өткізуге рұксат сұрап, елшілік жіберуге ұйғарганда, бұл елшілікті соғды көпесі Маннах бастап барғанына таңдануға болмайды. Алайда елшілік сәтсіздікке ұшырады. Хұсрау I Ануширван қағанатпен қатынасты көрінеу біржолата үзуге батылы бармай, әкелген жібектің бәрін сатып алуга бұйрық берді, сөйтті де, оны Маниахтың көзінше өртеді. Екінші елшілік те осылай сәтсіз болып шықты.
Бұл жағдайда түріктер тікелей Константинопольге, Византияның императоры II Юстинге сөз салуды дұрыс көрді. Тағы да сол Маниах бастаған елшілікке енді Кавказ арқылы жүруге тура келді. МаниахтыңКонстантинопольдегі келіссөзі сәтті болды, ол кейін қайтқанда түріктердін жаңа одақтасының өкілі, Византия елшісі Земархты алып қайтты. Земарх елшілігі Кавказдан асып, Каспий теңізін жағалап, Хорезмарқылы Сырдарияға жетгі. Бұл елшіліктің сипатталып жазылуы Менандрда сақталған. Ол елшілердің екі оттың арасынан өтіп, тазалану рәсімін жасауға тиіс болғанын әңгімелейді, қаған шатырының ішкі жиһаздарын, дөңгелектері бар алтын тақты суреттеп жазады. Византия елшісінің түрік қаганымен келіссзөде түріктер мен Византия арасында жібекпен тікелей сауда жүргізу туралы және олардың армияларының сасанилік Иранға қарсы бірлесіп қимылдауы туралы сөз болады. Алайда бірінші тармақта екі жақ келісімге келе алмайды, өйткені бұл кезде Византия жібек құртын өсіруді өзі үйреніп алған болатын, сондықтан ол сырттан жібек әкелуге зәру емес еді. Византиялықтар түріктерден Иранға қарсы әскери көмек қана күтті. Каған сарайының бұған оңқарайтындығы айқын болса да, бұл мәселе жөнінде де нақты шешім қабылданбады. Бұл Иран мен Византияны әлсіретуді көздеген дипломатиялық есеп болса керек. Солай болып шықты. Өздерінің араларындағы қатынастарды соғыс жолымен анықтап алудан қолдары босамаған Иран мен Византия қағанатгың істеріне ықпал жасай алмады.
Бірақ 575 жылы жағдай өзгерді. Византия мен Иран өзара уақытша бітім жасасты. Тіпті Византия түріктерге қарсы күреске олардың бүлікшіл вассалдары уархун (вархонит) -түріктерді тарту үшін Кавказдың арғы жағына және Кавказға кіруге әрекет жасады. Бұған жауап ретінде түрік атты әскері Киммерия Боспорына, онан кейін Қырымға және Батыс Кавказға жойқын жорық жасады.
Түркі мәдениеті
Түркі мәдениеті - ежелгі заманнан өмір сүріп келе жаткан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан мөдениеттің жалпы атауы. Түркілердің алғашқы ата қонысы Шығыс Тянь-Шань мен өңірі болған. "Халықтардың ұлы қоныс аударуының" нәтижесінде қазіргі Қазақстан, Орта жөне Алдыңғы Азия, Шығыс Еуропа]] территорияларына кең таралып орналасқан түркілер қазіргі түркі тілдес халықтардың барлықтарының субстраты болып табылады. "Түркі" деген термин тұңғыш рет 542 жылы аталады. "Түркі" этонимі алғашқы кезде белгілі бір ақсүйектерден шыққанын білдірген (ғылымда этносқа қатысты "түркі"терминін қолдану қалыптасқан, біз соған арқа сүйейміз). Түркі қағандағы тұсында түркі тілінің өрісі барынша кеңіп, ұланғайыр өлкедеғі негізгі тілге айналған. Түркілердің жазуы да болған. Сол көне түркі жазбаларынан түркілердің дүниетанымдық көзқарастары, наным-сенімдері туралы көп мағлүмат алуға болады. Көне түркілер аспан денелерінің қозғалысына карап ауа райын, жыл маусымдарының қандай болатынын күні бұрын анықтай алған. Көне түркілер геометрия, математика ғылымдарынан біршама хабардар болған, оны су жүйелерін салуға, күрделі ғимараттар, карауыл төбелер тұрғызуға, т.б. пайдаланған. Олар металды, түрлі минералдарды еріту әдістерін, шөптердің емдік қасиеттерін білген. Емдеудің неше түрлі әдістерін де жетік меңгерген. Ежелгі түркілер, негізінен, қос күшке - Көкке және Жерге сиынатын болған. Көк Тәңірінің рақымымен елді билеген қағандар "Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген" деп аталған. Ежелгі түркілер үшін Көк пен Жер-Судан кейін тұрған құдіретті күш әйел, ошак басы құдайы Ұмайға табынған. Түркі халықтарының мәдениетінде персонификациялабаған, шексіз аспан әлемімен қатар аспан шырақтары, құтты мекен, отсуға да бас игенін білдіретін деректер кездеседі.
Шығыс Түрік қағандығы – Түрік қағандығы ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ортағасырлық түркілер мемлекеті (687 – 745). Түрік қағандығында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі елдің шығыс және батыс болып екіге бөлінуіне алып келді. Бөліну шамамен 6 ғасырдың 90-жылдарына қарай басталды. Бұл кезде шығыс түркілер Қытайдағы Суй әулетіне қарсы соғысып жатты. 618 ж. Суй әулеті биліктен кетіп, орнына Тан әулеті келді. Тан әулетін билеген табғаштар түркілерге қарсы жаугершілік саясат жүргізіп, Шығыс Түрік Қағандығына қарасты тайпаларды (ұйғыр, теле, байырқы) орталық билікке қарсы айдап салып отырды. Ақыры 630 ж. табғаштар 100 мың қолмен басып кіріп, түркілерді өзіне бағындырды. Тан билігі жарты ғасырға созылды. Тәуелсіздікті қалпына келтіру үшін түркілер Тан басқыншыларына қарсы Білге Құтылық пен Тоныкөктің бастауымен көтеріліске шықты. Көтерілісшілер 686 ж. Тан патшалығының орталық аймағы Синьчжоуға шабуыл жасады. Оларға тойтарыс берген қытайлар 687 ж. қарсы шабуыл ұйымдастырды. Түркілер қорғана отырып, қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзені бойындағы Өтукенге (моңғ. Отгон тэнгэр) қоныстанды және Білге Құтылықты “Елтеріс қаған” (“Елінің басын құраушы”) деген лауазыммен қаған көтерді. 693 ж. Білге Құтылық қайтыс болып, орнына інісі Қапаған қаған таққа отырды. Қапаған Тан патшалығының шекаралық (Цинпин) аймағына шабуыл жасап, Тоныкөкті Алтайдағы он оқ тайпасына немесе Батыс түріктерге қарсы жорыққа аттандырды. Тоныкөк жазба ескерткішінде айтылғандай Шығыс түріктер табғаштармен он жеті рет, қидандармен жеті рет, оғыздармен бес рет соғысып, ел іргесін Хангай жоталарынан Темір қапаққа дейін жеткізді. Қапаған мемлекеттік билік жүйесін орталықтандыру саясатын жүргізді. Тұрақты әскер жасақтады, әрбір тайпа орталыққа алым-салық төлейтін жаңа ереже енгізді. Бұл шаралар тайпа басшылары мен сарай маңындағылардың наразылығын тудырды. Қапағанның орталықтандыру саясатына Тоныкөк те қарсы болды. Нәтижесінде теле аймағы, қарлұқтар бастаған он оқ тайпасы Қытайдың көмегіне жүгініп, ұйғырлар батысқа ауды. Қапаған қаған 716 ж. байырқылармен күресте қаза тапты. Осы жылы түріктер Білге қағанды (Могилян) қаған көтерді. Оның інісі Күлтегін батыр Шығыс түрік әскерінің бас қолбасшысы болды. Бұл Шығыс түркілер үшін аса ауыр кезең болды. Шығысынан табғаштар, батысында тоғыз-оғыз, қырық аз (қырғыз), құрықан, отыз татар, татабы, қытандар бірлесіп, елге қауіп төндірді. Күлтегін бастаған Шығыс түрік әскерлері олармен бірнеше мәрте шайқасып, уақытша тыныштыққа қол жеткізді. Білге қаған қудаланған Тоныкөк бастаған біліктілерді билікке қайта әкеліп, бөлініп кеткен тайпаларды күшпен біріктірді. Ел арасына бүлік салды деген айыппен Қапаған әулетінің біліктілері жазаланды. Дегенмен, Білге қағанның жағдайы ауыр, жауы көп болды. Соған қарамастан ол 724 ж. қытайлармен сауда қатынасын ретке келтіріп, нәтижесінде Шығыс Түрік қағандығы мемлекет ретінде 30 жылдан аса ынтымақ бірлікте өмір сүрді. Бірақ бұл ынтымақтастық ұзаққа созылмады. Себебі, Шығыс Түрік қағандығы көптеген тайпаларды күшпен біріктірген құрама мемлекет болатын. Әр тайпа реті келген сәтте орталық билікке қарсы бүлік шығарып отырды. Ақыры 745 ж. бас көтерген ұйғырлар Шығыс Түрік қағандығын біржолата талқандады. Шығыс Түрік қағандығы түркі халықтары тарихында мемлекет құру, азаттық үшін күрестің үлгісі мен ортағасырлық жазба мәдениетінің баға жетпейтін ескерткішін қалдырды.
Батыс Түрік қағанаты - Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті (603 - 704). Түрік қағанатында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді. Батыс Түрік қағанатының негізін Торэмен қаған қалаған деген ғылыми дерек те бар.
Батыс Түрік қағанатының қалыптасуы
Түрік қағанатының осыншама ұлан-байтақ жер енді ғана қалыптаса бастаған мемлекеттіктің шеңберінде ұзақ уақыт қала алмайтын еді. Олар іштен және сырттан болатын қысымға қарсы тұра аларлық өзара байланысты біртұтас экономикалық және этникалық-саяси организм болмады. Тек қарудың күшімен ғана құрылған империя оған ұзақ уакыт сүйеніп тұра алмады. Түрік қағанатында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, олардың талай жылдарға созылған мал індеттерімен, жұттарымен және ашаршылықпен ушыға түсуі, Суй Қытайының қағанат шекараларына шабуыл жасауы (581—618 жылдар), ақырында, оның аудандарының автономиялану үрдісінің табиғи түрде басталуы жалпы Түрік қағанатының 603 жылы екі дербес қағанатқа — Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінумен аяқталды; Батыс қағанаттың орталығы Суяб (Жетісу) болды. Бөлінуіне қарамастан, Батыс Түрік қағанаты Шығыс түрік қағанатына біршама саяси тәуелділікте болды, онда өкімет билігі түріктердің қаған руы ашиналардың қолында болды.
Аумағы
Батыс түрік қағанаты «ежелгі үйсін жерлеріне» ірге тепті, демек, оның аумағы ендік бағытта Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағанатгың негізгі этникалык-саяси ұйытқысы — «он тай-па» он-оқ будунның мекендеген жері де осы еді. Сонымен қатар ол Түрік қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы (Самарқан, Маймург, Кеш, Нахшеб, Иштихан, Кушания, Бұхара, Амуль және Андхой) отырықшы-егіншілік шұраттарындағы басып алған барлық жерлерінің мұрагері болды. Батыс түріктеріне тәуелді деген аты ғана болған Соғды мен Бұхарада да қағанның өкілдері болды.
Түргеш қағанаты (704–756 жж.) Түрік тектес түргеш тайпалары VI-ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарын мекендеген, ал VII-ғасырда Жетісудың орталық аймақтарын қоныс еткен. Түргеш тайпалары жөніндегі алғашқы мәліметтер Күлтегін ескерткішінде және Қытай жазба деректерінде кездеседі. Ал түргештердің жеке қағандық болып құрылуы туралы дерек "Тоныкөк” жазуында айтылған. Түргеш қағанаты халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрған. Шу бойындағы түргештер сары, ал Талас аймағындағы түргештер қара түргештер деп аталған.
Түргеш қағанаты 704–756 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан болатын. Жетісуда Түргеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі – 699–706 жылдар. Ол Жетісудан Батыс түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның басты саяси орталығы – Шу өзені бойындағы Суяб қаласы. Екінші орталығы – Іле өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа бөліп, олардың әрқайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.
Түргеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билік оның баласы Сақал-қағанға көшті. Оның ел билеген кезі 706–711 жылдар. Қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Батыста түргештер соғдылармен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. 711 жылы Шығыс түрік қағаны Қапаған Жоңғария жерінде түргештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. 712–713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, соғдылар Шаш (Ташкент) қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мәуеренахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Күтеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Испиджабқа шабуыл ұйымдастырды.
Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетеді, олар қолдаған Сұлу тархан қаған болады. Түргеш қағанаты Сұлу қағанның (715–738 жж.) тұсында қайта күшейе бастады. Бұл кезде өкімет қара түргеш тайпаларының қолына көшіп, мемлекет орталығы Талас (Тараз) қаласына ауысты. Айлалы саясаткер және күшті әскери қолбасшы Сұлу екі майданда: батыста арабтарға қарсы, шығыста Батыс түрік қағандары мирасқорларын қолдаған Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түргештер Ферған қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арабтарға күйрете соққы берді. Арабтар 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түргештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы Сұлу арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери басшысы Баға-тархан өлтірді. Сұлу қаған қаза болғаннан кейін билік үшін "сары” және "қара” түргештердің арасында ұзаққа созылған күрес жүрді. Түргеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, мұны Тан (Қытай) империясы ұтымды пайдаланды. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд-ибн-Салых бастаған араб әскерлері мен Гао-Сяньчжи басқарған Қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді. Қытайлықтарға қарсы оның тылындағы қарлұқтар көтерілді. Нәтижесінде Қытай әскерлері жеңіліске ұшырады. Әбден әлсіреген Түргеш мемлекеті 756 жылы құлады.
Түргеш қағандығы бар-жоғы жарты ғасырдай өмір сүрді. Оның көп жылдары сыртқы жаулармен соғыста өтсе, ішкі жағдайында да тыныштық болмады. Тайпалар екі жаққа бөлініп, бір-бірімен талас-тартысқа түсті. Мұндай ұзақ уақытқа созылған саяси күрес қағанаттың экономикалық және мәдени жағынан өсіп өркендеуіне кері әсерін тигізді.